Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

You are here

Жаңалықтар

0702/20
Состоялась отраслевая коллегия по вопросам развития гражданской авиации

Азаматтық авиация мәселелері бойынша салалық кеңес өтті

2020 жылғы 7 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен еліміздің барлық жетекші әуе компаниялары мен әуежайлары басшыларының қатысуымен салалық кеңес өтіп, азаматтық авиация мәселелері бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. 

Жиында Азаматтық авиация комитеті төрағасы Т.Ластаев, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры П.Гриффитс, «Қазаэронавигация» РМК бас директоры А.Бектұров, «Эйр Астана» АҚ президенті П.Фостер, «СКАТ» АҚ президенті В.Денисов, «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы және Алматы әуежайы басшыларының есептері тыңдалды. 

«Ашық есік» саясатын әрі қарай іске асыру, ұшулар қауіпсіздігі, әуе билеттері мен әуе отыны құнын төмендету, отандық әуежайлар мен әуе компанияларында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға дейін көтеру жөнінде мазмұнды талқылаулар болды. Жердегі инфрақұрылым және жоғары білікті мамандар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

Министр еліміз әуежайларындағы қызметтер сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін, «жеңіл» инфрақұрылымды жақсарту қажеттігін атап көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта деңгейін әлемдік талаптарға сай ету жайына назар аударылды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуежайлар мен әуе компанияларындағы қызмет сапасын қадағалап отырады.        

Әуе тасымалында отын, лизинг, әуежайлардағы қызмет құны елеулі үлес алатынын ескере отырып, әуе компаниялары мен әуежайлар  шығындарын және менеджмент құрылымын оңтайландырып, өз қызметін ашық негізде атқаруы тиіс.     

Сонымен қатар, отандық әуежайларға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әуеайлақ аумағында заңсыз құрылыс жұмыстарына жол бермеу тапсырылды.   

Азаматтық авиацияны дамыту мәселелері жөніндегі салалық кеңес мұндай форматта Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде алғаш рет өткізілді. Осындай кездесулер енді тұрақты негізді ұйымдастырылып тұрады. 

 

Анықтама:

Елімізде азаматтық авиация саласында негізгі көрсеткіштер динамикасы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 8,6 миллионнан астам жолаушы тасымалданды, бұл 2018 жылдың сәйкес көрсеткішінен (7,9 миллион) 9% артық. Отандық әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 17,7  млн.жолаушыны құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 12% көп (15,8 млн. жолаушы). Соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар ағыны 45 есеге артты. Өткен жыл қортындысында бұл көрсеткіш 1 миллион транзиттік жолаушыға дейін өсті. Транзиттік рейстер саны 4% артты.

2019 жылы қазақстандық әуе компаниялар әуе кемелері паркін жаңарту және кеңейту мақсатында 12 әуе кемесін сатып алды, оның ішінде: "Эйр Астана" АҚ - 2 Embraer 190 Е2 және 1 Airbus А321, "QAZAQ AIR" АҚ - 2 Bombardier Q400 әуе кемесі, "СКАТ" АҚ - 1 Boeing 737-3К2, "Жетісу" әуе компаниясы" АҚ – 2 әуе кемесі және "Жезқазған Эйр" АҚ – L-410 типті 2 шағын авиация әуе кемесі.

Елімізде 60 әуе компаниясы жұмыс істейді. Қазақстандық 9 әуе компаниясының Еуропа Одағы елдеріне ұшуға рұқсаты бар. Ішкі нарықта 9 әуе компаниясы 52 бағытта ұшады.   

Бүгінгі таңда Қазақстанның 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы бар (аптасына 26 шетелдік және 3 қазақстандық әуе компаниясы 430 рейс). 2019 жылдың басынан отандық және шетелдік әуе компаниялары 12 халықаралық рейс ашты.

2019 жылдың 1 қарашасында Мемлекет Басшысының тапсырмасымен енгізілген "ашық аспан" режимі аясында 14 жаңа халықаралық әуе бағытын ашу жоспарлануда (Qatar Airways: Доха - Нұр-Сұлтан және Доха - Алматы, LOT: Алматы - Варшава, Salam Air: Алматы - Маскат; Белавиа: Ақтау - Минск, Jazeera Airways: Кувейттен Қазақстанға, Air Asia X: Куала-Лумпур - Алматы - Лондон; Israir: Тель-Авив - Алматы, Air Astana: Алматы - Париж және Алматы - Мумбай; SCAT: Шымкент - Джидда, Шымкент - Медина, Нұр Сұлтан - Дели) сондай-ақ Варшава – Нұр-Сұлтан (LOT) және Минск - Алматы (Белавиа) 2 бағыты бойынша рейстер саны аптасына 7 ретке дейін артады.

Әуе билеттері құнын төмендету және әуе тасымалдаушылар арасында бәсекелестікті арттыру мақсатында 2019 жылдың 1 мамырында алғашқы отандық бюджеттік «Fly Arystan» әуе компаниясы іске қосылды. Өткен  жылдың қорытындысы бойынша 870 мыңнан астам билет сатылды, 47 % билеттердің құны 10 мың теңгеден төмен.

Қазақстанда әуе көлігі инфрақұрылымын жаңарту аяқталды – отандық әуежайлардың 16 ұшу-қону жолағы және 13 терминалы жаңартылды. 2019 жылдың қазан айында Қостанай әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту аяқталды. 2020 жылы Шымкент әуежайындағы жолаушылар терминалы құрылысын аяқтау жоспарланған. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл ішкі туризмді ынталандыру мақсатында Үшарал және Үржар әуежайларында ұшу-қону жолағын жаңарту жоспарланып отыр.

 


Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келеді ме?

© 2020

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Азаматтық авиация комитеті