Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

You are here

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенінің Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарында әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсетуді қамтамасыз ету тәртібі туралы КЕЛІСІМ

 

Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі, «Байқоңыр» кешенін пайдалану тиімділігін арттырудағы өзара мүддесін растай отырып, Тараптар мемлекеттерінің мүдделерін өзара құрметтеу қағидатын басшылыққа ала отырып, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шартты және 2004 жылғы 9 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді негізге ала отырып, «Байқоңыр» кешенінің Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарында әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсетуді қамтамасыз ету тәртібін реттеу мақсатында, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Қазақстан Республикасы 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға 11-қосымшаның 2.1.1-тармағына сәйкес «Байқоңыр» кешенінің Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарының әуе кеңістігі шекараларының шегіндегі әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсетуді қамтамасыз ету (бұдан әрі – ӘҚҚ) жауапкершілігін Ресей Федерациясына береді.

Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарының әуе кеңістігі шекаралары осы Келісімге Қосымшада көрсетілген.

2-бап

Ресей Федерациясының атқарушы билігінің азаматтық авиация саласындағы уәкілетті федералдық органы, бұдан әрі «ӘҚҚ-ның өкілетті органы» деп аталатын, Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарының әуе кеңістігіндегі әуе қозғалысын ұйымдастыру, оған қызмет көрсету мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауаптылар Крайний және Юбилейный әуеайлақтарының ӘҚҚ қызметін айқындайды.

3-бап

Ресей Федерациясының атқарушы билігінің азаматтық авиация саласындағы уәкілетті федералдық  органы ӘҚҚ-ның өкілетті органының Ресей Федерациясының федералдық авиациялық қағидаларының талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды беруді жүзеге асырады және әуе қозғалысын жүзеге асыру және оған қызмет көрсетуді қамтамасыз ету кезінде ұшу қауіпсіздігін қадағалауды жүзеге асырады.

4-бап

ӘҚҚ-ның өкілетті органы Ресей Федерациясының нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарының әуе кеңістігі шегінде әуе қозғалысын ұйымдастырады және оған қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

ӘҚҚ-ның өкілетті органы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсетуді регламенттейтін нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары мен Ресей Федерациясының әуе қозғалысына қызмет көрсетудің өкілетті органы арасындағы өзара іс-қимыл жасау және үйлестіру тәртібі бөлігінде келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарымен өз іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік авиация әуе кемелерінің Крайний және Юбилейный әуеайлақтарын, сондай-ақ олардың үстіндегі әуе кеңістігін пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

5-бап

Ресей Федерациясының атқарушы билігінің азаматтық авиация саласындағы уәкілетті федералдық органы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның «Аэронавигациялық ақпарат қызметі» 15-қосымшасына сәйкес Крайний және Юбилейный әуеайлағының аэронавигациялық ақпаратты (деректерді) Ресей Федерациясының AIP-інде (аэронавигациялық ақпарат жинағында) жариялайды және жарияланған ақпараттың толықтығы, сапасы мен уақытылығы үшін жауапты болады.

6-бап

Осы Келісім бойынша жұмыстарды үйлестіруді:

Қазақстан Республикасының тарапынан – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі;

Ресей Федерациясының тарапынан – «Роскосмос» мемлекеттік ғарыш қызметі корпорациясы Федералдық әуе көлігі агенттігімен бірлесіп жүзеге асырады.

7-бап

Осы Келісімді орындау кезіндегі келіспеушіліктер Тараптардың осы Келісім бойынша жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын органдарының келіссөздері мен консультацияларын өткізу арқылы шешіледі. Келісілген шешімдер қабылданбаған келіспеушіліктерді «Байқоңыр» кешені бойынша Ресей-Қазақстан үкіметаралық комиссиясы қарастырады.

8-бап

Осы Келісім оған қол қойылғаннан соң 30 күннен кейін уақытша қолданыла бастайды, оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді және «Байқоңыр» кешенін жалға беру мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады.

Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.

2018 жылғы «___» ________   ________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.

 

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

 

Ресей Федерациясының

Үкіметі үшін

 

                                                         

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенінің Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарында әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсетуді қамтамасыз ету тәртібі туралы келісімге қосымша

 

«Байқоңыр» кешенінің Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарының әуе кеңістігі ШЕКАРАЛАРЫ:

1.    Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарының жер координаталарындағы көлденең шекаралары.

Крайний және Юбилейный әуеайлақтарының аудандары: Крайний әуеайлағының бақылау нүктесінен 45°37'19" N; 063°12’38" Е; 90 км радиуста орналасқан.

2.    Крайний және Юбилейный әуеайлақтары аудандарының әуе кеңістігінің тік шекаралары.

Шекаралар әуе кеңістігінде жерден эшелонға дейін FL140 (4250 м).

Шекаралар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының ИКАО ұсынымдарына сәйкес Қазақстан Республикасында қабылданған WGS-84 координаталар жүйесінде көрсетілген.

© 2019

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Азаматтық авиация комитеті